Астананың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қардың көп мөлшерде түсуіне байланысты елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Астананың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде

«Астана Тазалық» ЖШС-інің ақпаратына сәйкес, қала көшелеріне 173 техника шыққан. 290 адам жаяу жүргінші жолдар мен гүлбақтарды тазалауға жұмылдырылды. Сонымен қатар, жолдарға құм-тұз қоспасы себілуде.

Синоптиктердің болжауы бойынша, ертең, 26 қазанда, Астанада көшпелі бұлт шығып, күндіз аздап қар жауады. Солтүстік-батыстан, батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде -8...-10°С, күндіз -3...-5°С болады.

27 қазанда көшпелі бұлт шығады, қар жауады, сырғыма бұрқасын соғады. Батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде -6...-8°С, күндіз -1...-3°С болады.