Астананың «Локомотиві» Армения чемпионатының күміс жүлдегерінен басым түсті

АЛМАТЫ. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астананың «Локомотив» футбол клубы Түркиядағы соңғы оқу-жаттығу жиындағы ақырғы жолдастық кездесуін кеше Ереванның «Бананц» аяқдопшыларымен өткізді.

Астананың «Локомотиві» Армения чемпионатының күміс жүлдегерінен басым түсті

Армения чемпионатының және Армения кубогының күміс жүлдегерімен болған бұл ойында астаналықтар сапынан Нұрбол Жұмасқалиев пен Дмитрий Шомко мергендік танытты. Бұл екі доп та алғашқы таймда соғылды. Оған еревандықтар ойынның екінші жартысында жалғыз доппен ғана жауап қата алды.

Бұған дейін «Локомотив» Белорустың «Витебск» командасымен 1:1 есебімен тең түскен еді. Онда да астаналықтар сапынан Нұрбол Жұмасқалиев мергендігімен танылған болатын.

Ертең «Локомотив» футболшылары оқу-жаттығу жиынынан Астанаға оралады. Олар 2 наурызда Қостанайдың «Тобыл» футбол клубымен Қазақстан суперкубогын сарапқа салмақ. Бұл ойын «Астана-Арена» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланып отыр.