Астананың мектептерінде А гепатитіне 2 бала шалдыққан - Білім басқармасы

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астананың мектептерінде А гепатитіне 2 бала шалдыққан.

Астананың мектептерінде А гепатитіне 2 бала шалдыққан - Білім басқармасы

Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде вирусты гепатиттің алдын алу мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысында Білім басқармасының өкілі Айна Қаспақова айтты.

Бүгінгі күні Астанада жұмыс істеп тұрған 139 мемлекеттік білім беру мекемесінде 2011 жылдың 1 қыркүйегінде жағдай бойынша, 76 591 бала оқиды. Солардың ішінде, бірінші сыныпқа барған балаларды есептемегенде, 9 мың оқушы - өзге өңірлерден биыл келгендер.

«Олардың денсаулық жағдайларын білу мақсатында денсаулық паспорттарын жинадық. Жазғы маусымда қалаға оқуға келгендер мен бірінші сыныпқа барған 9 989 балдырғанның 89 пайызында денсаулық паспорты мен анықтамалары бар. Олардың арасында А гепатитіне шалдыққандар жоқ. Онымен бірге, жаз уақытында елорданың барлық педагогтары медициналық тексеруден 100 пайыз өтті», - деп нақтылады А.Қаспақова.

Білім басқармасы өкілінің айтуынша, бүгінгі күні қаланың мектептерінде А гепатитімен 2 бала ауырады. Вирусты гепатиттің алдын алу мақсатында 2011 жылы едәуір шаралар атқарылды. Орта білім беретін әрбір мекеменің, әрбір сыныбында ауаны автоматты түрде тазартып отыратын диспенсерлердің болуы талап етілуде. Қазір ондай диспенсерлер мектептердің 50 пайызында бар. 2011 жылы орта білім мекемелерін жуғыш заттармен қамтамасыз ету үшін 2008 жылмен салыстарған 5 есе көп қаражат бөлінді. Қазір Білім басқармасы мен Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары мектептердің қол жуатын орындарында сұйық сабындардың міндетті түрде болуын тексеруде.