Астананың өнер сүйер қауымы Фаризаның жыр-әлемімен қайта қауышты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың өнер сүйер қауымы Фаризаның жыр-әлемімен қайта қауышты. Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың 75 жылдығына орай «Мен кешкен сәт...» атты ақынның шығармашылығына арналған кеш өтті.

Астананың өнер сүйер қауымы Фаризаның жыр-әлемімен қайта қауышты

Белгілі театр әртістері ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Композиторлар Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтер, танымал әншілер Нұрлан Өнербаев, Айгүл Қосанова, Мейрамбек Бесбаев, Жұбаныш Жексенұлы, сондай-ақ «Мұзарт» тобы мен «Аңсар» триосы ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады.

Осы кеште көрермендер бейнетаспаға жазылып алынған Фариза Оңғарсынованың өзі оқыған өлеңі мен ақынның бақыт туралы айтқан ой-толғамдарын тыңдау мүмкіндігіне ие болды.

Айта кету керек, Ф.Оңғарсынова 1939 жылдың 25 желтоқсанында қазіргі Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Манаш ауылында дүниеге келген болатын. 2014 жылы 23 қаңтарда дүниеден озды.

Халқымыздың ардақты ақыны, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың бүкіл саналы ғұмыры өз халқына қызмет етуге арналған еді. Оның ұлтжандылық, адалдық пен тектілік, нәзіктік пен бекзаттық сияқты асыл қасиеттері жалынды да жауһар жырларынан көрініс тапқаны анық. Сол арқылы ол барша қазақтың жүрегіне жол тапты. Фариза өлеңдері халқымыздың мәңгілік сарқылмас рухани қазынасы ретінде қазақ поэзиясының алтын қорына енді.

Ақын жырлары қазақ халқымен бірге мәңгілікке жалғаса бермек. Еліміздің сүйікті ақынының шығармашылығына арналған кеш - соның айқын дәлелі.