Астананың орталық даңғылында Үрмелі аспаптар оркестрінің шеруі өтеді

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары жуырда дабыл мен трубаның мықты әрі әуезді дыбысымен әрленген бірегей думанның куәсі болмақ. Астана күні қарсаңында «Астана самалы» атты үрмелі аспаптар оркестрлерінің халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлады astana.kz.

Астананың орталық даңғылында Үрмелі аспаптар оркестрінің шеруі өтеді

Үрмелі аспаптар оркестрінің әуендері тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырып, көңіл күйін көтереді әрі мерекенің ажарын аша түседі.

Биылғы тарту тым ерекше. Оркестрлер Астананың ашық алаңдары мен орталық көшелерін салтантты түрде жүріп өтпек. Мерекелік шерудегі концерттік бағдарлама нағыз сазды-әуенді думанға айналып, көпшіліктің көңілін көтерері сөзсіз.

«Астана самалы» фестивалінде Қазақстанның үрмелі аспаптар оркестрлерінен өзге «Мехтер» Түркия әскери-этникалық үрмелі аспаптар оркестрі, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келген оркестрлер өнер көрсетеді деп күтілуде.

«Үрмелі аспаптар оркестрі фестивалі - қаламыздың мәдени өміріндегі жарқын әрі бірегей шара. Фестивалдің басты мақсаты - оркестрлердің әуезді шығармалары арқылы тыңдармандарды қайталанбас шынайы әсерге бөлеу», - делінген хабарламада.