Астананың Орталық саябағындағы тоған құрғатылғаннан кейін аққулардың тағдыры не болмақ?
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласының тұрғыны Орталық саябақтың сәнін келтіріп тұрған аққулар жүзген тоған құрғатылатындығын естіп,
ондағы жануарлардың тағдырына алаңдаушылық білдірді.
«2012 жылғы 27 шілдеде Людмила Борисовна Гнилицкаяның хатына қайтарған жауабыңызда қалалық саябақтағы тоғанның құрғатылатыны туралы айтқан едіңіз. Ал, менің сұрайын дегенім, ондағы аққулардың жайы не болады?», - деп жазған елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың жеке блогына Заричная Елена Викторовна.
Өз кезегінде қала тұрғынына И.Тасмағамбетов: «Елена Викторовна, тоғанның құрғатылуына байланысты жылдың жылы маусымында (қазан айына дейін) айналасы қоршалған арнаулы алаңқай жасалып, оған су құйылатын ыдыстар қойылады. Аққуларды бағып-күту үшін арнайы маман штаты қарастырылады, ол құстарды қоректендіріп, бөлінген аумақты таза ұстауға жуап береді. Күн суытқан кезде аққулар жабық жайға көшіріледі», - деп жауап қайырды.