Астананың ресми сайтында мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуға үміткерлердің тізімі жарияланды
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Астананың www.astana.kz ресми сайтында мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуға үміткерлердің тізімі жарияланды.
Тұрғын үй комиссясы 19 тамызда Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңіне қатысушылардың құжаттарын бекітілген талаптарға сәйкестігін тексеріп болды және олардың балдарын есептеуді аяқтады.
Барлығы тұрғын үй алуға жұбайлардың жасы 29-дан аспайтын, балалары бар жас отбасы, мемлекеттік органдар, бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері секілді басым санаттарға жататын 26448 өтініш білдіруші үміткер болып отыр.
Комиссияның үндеуінде Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың Ережелеріне сәйкес, Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алуға үміткерлерге балл беру жүйесі қолданылғаны атап көрсетілген. Мысалы, «мемлекеттік қызметші», «мемлекеттік мекеме қызметкері», «мемлекеттік кәсіпорын қызметкері» санаттары бойынша қатысушыларға балдар жұмыс өтіліне сәйкес - 1 толық жылға 5 балдан, толық емес жылға 3 балдан қосылып отырды. «Жас отбасы» санаты бойынша әр балаға 20 балдан есептелді. Егер өтініш білдіруші 2005-2007 жылдардағы Мемлекеттік бағдарламаға қатысқан болса, оның балдарына тағы да 10 балл қосылды.
«Тұрғын үй алу кезінде бірінші критерий бойынша көп балл жинағандар басымдыққа ие болады. Бірінші критерий бойынша балдары бірдей болғанда қосымша балдар қосылған өтініш білдірушілер басымдыққа ие болады», - делінген тұрғын үй комиссиясының үндеуінде.
Алдын-ала жарияланған тізімге, жылжымайтын мүліктің бар не жоқтығы жөнінде мәліметтерге қатысты сұрақтар, берілген балдар бойынша келіспеген жағдайда, шағымдар үстіміздегі жылғы 16 қыркүйекке дейін қабылданады.