Астананың ресми такси компаниялары автобустарға арналған жолақпен жүруге рұқсат сұрауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың ресми такси компаниялары автобустарға арналған арнайы жолақпен жүруге рұқсат сұрауда. Бұл туралы бүгін Астана қалалық кәсіпкерлерді қорғау кеңесінің 17-ші отырысында қалалық тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов айтты.
«Келесі ұсынысымыз бұл Bus lane. Арнайы белгіленген жолақты ресми такси қызметінің пайдалану құқығы әділдік болар еді. Жолға кететін уақытты қысқарту такси қызметінің тартымдылығын арттыра түседі», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, автобустарға арналған арнайы жолақтарға таксилерді жүргізбеу туралы шешімнің салдарынан көптеген такси компанияларының көлеңкеге кетуіне түрткі болады.
«Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасына олардың қауіпсіздігіне теріс әсер етеді. Бұған қоса ресми таксилер жолаушылардың біраз бөлігінен айрылып қалуы мүмкін. Ал бұл қала көшелеріне қосымша жүктеме болады», - деді қауымдастық төрағасы.
Мұнан бөлек, ол таксилердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін сары немесе басқа түспен белгілеуді ұсынды.
«Бұл тәжірибе 2002 жылдан бері Ресейде қолданылып келеді. Ол такси көліктерін есептеуді жеңілдетіп, оларға ақылы тұрақтарға кіру құқығын берер еді. Сонымен бірге қадағалаушы органдар тарабынан бақылауды да жеңілдетеді», - деді М.Құрманов.
Айта кетерлігі, қауымдастық төрағасының мәліметтерінше, елордада ресми 8 такси компаниясы тіркелген. Оларда 400 жүзге жуық такси көліктері бар. Ал бұл қала тұрғындары мен қонақтарына тасымалдау қызметін көрсетуге жеткіліксіз. Жалпы, елорда қажеттігін қамтамасыз ету үшін 3 мыңнан астам такси көлігі қажет.