Астананың «сақалды құрылыстарын» 6-8 айда бітіру жоспары бар - С. Хорошун

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың «сақалды құрылыстарын» 6-8 айда бітіру жоспарлануда. Бұл туралы Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун журналистерге арналған баспасөз мәслихатында айтты.

«Қазіргі таңда қалада 20 шақты сақалды құрылыс бар. Олар өткен жылдардағы дағдарыс кезінде тұрып қалған нысандар. Дегенмен, көбінде жұмыстар біткен деп айтуға болады, бірақ олардың құрылысында талаптар бұзылған немесе оларды салған компаниялардың басшылары бүгінде қашып жүр. Не болмаса өз еркімен құрылысты бітіруден бас тартқан. Бүгінде олардың жұмысын бітіруді ПИК-тер мен Тұрғын үй-құрылыс кооперативтері өз мойынына алды, біз оларға қолдау көрсетудеміз. Әр нысан бойынша қолда бар жоспармен сақалды құрылыстарды толық салып шығуға әлі 6-8 ай қажет болады», - деп атап өтті ол.

Әкім орынбасарының айтуынша, «Азбука жилья» компаниясына қатысты инвесторлар тарапынан түскен арыздар бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Бүгінгі таңда «Азбуке жилья» бойынша инвесторлардың арыздары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары әлі біткен жоқ, дегенмен алдын ала мәлімет бойынша аталған компанияның әр нысаны бойынша жеке-жеке комиссиялар құрылып, олар инвесторлардың саны мен компанияның мүлкі бойынша салыстырма жұмыстарын жүргізуде. Осы жұмыстар аяқталысымен әр нысан бойынша құрылысты аяқтау алгоритмі жасалады. Қазіргі таңда аталған нысандарды салып бітіру жөнінде инвесторлар тарапынан келіп түскен алдын ала ұсыныстар бар», - дейді С. Хорошун.

Соңғы жаңалықтар
telegram