Астананың сәулетті жерлері бойынша әйгілі лондондық екіқабатты автобустар қатынай бастады

АСТАНА. 21 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада қаланың сәулетті жерлері бойынша әйгілі лондондық екіқабатты автобустар қатынай бастады. Енді бұдан былай елорда қонақтары мен тұрғындары үсті ашық көліктермен Астананың көрікті жерлерін шолып шыға алады.

Астананың сәулетті жерлері бойынша әйгілі лондондық екіқабатты автобустар қатынай бастады

Қытайда жасалған автобустар «Астана Байтерек» - Орталық алаң - жаңа Оқушылар сарайы - «Жер Ана» монументі - Президенттік мәдениет орталығы - Атамекен - Думан - қалалық саябақ - ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайы - Арайлым саябағы - «Хан Шатыр» кешені - ҚазМедиаОрталығы - «Астана Бәйтерек» маршруты бойынша қатынайтын болады.

«Менің елім» ішкі туризмді дамыту қауымдастығының президенті Гаухар Жеңісбектің айтуынша, автобустар Шанхай зауытында жасалған. Ол әлемнің ең үздік автоөндірушілердің бірі.

«Аталмыш жоба әйгілі лондондық екіқабатты автобустардың «Doubledecker» технологиясын қолданған. Автобустар «Hop-on-Hop-off» жүйесі бойынша, яғни жолаушылардың мініп, түсуіне шектеу қойылмайды», - деп атап өтті Г.Жеңісбек.

Билет құны шамамен 2400 теңге болады. Көлік жолаушыларына аудиогид қызмет көрсетеді.

«Барлық елдерде аталған автобустардың билет құны 30 еуро шамасында. Бізде аздап арзандау. Билетті күні бойы қолдануға болады. Яғни жолаушылар бір тәулік бойы қала ішін аралап жүре алады», - деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, турист өзіне ұнаған кез келген жерде автобустан түсіп қалып, сәулет орындарын аралап, кейін келесі автобуспен кетіп қалуына болады. Автобус маршруттары арақашықтығы 30 минутты құрамақ.

Қазіргі уақытта бұл Қазақстанда қолданысқа енгізілген алғашқы имидждік экскурсиялық маршрут болып саналады. 2014 жылға дейін тағы 10-ға тарта «Doubledecker» технологиясымен құрастырылған автобустар сатып алу жоспарлануда.

ҚазАқпарат, Астана