Астананың спортшылары жүзуден өткен ҚР чемпионатында 16 медаль алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жүзуден Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты және Астана қаласының ашық чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі. 

Астананың спортшылары жүзуден өткен ҚР чемпионатында 16 медаль алды

Турнир 11-14 сәуір аралығында «Қазақстан» спорт сарайында өтті. Жарысқа Қазақстанның 13 облысынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан 18 команда сапында 365 спортшы (2002 ж.т. және одан кіші) қатысты.

№4 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері республикалық чемпионатта елорданың намысын қорғады. Жас спортшылар 406 балл жинап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Елордалықтар Қарағанды облысының спортшыларына (487 балл) және «Алматы-1» командасына (481 балл) есе жіберді. Астаналық спортшылар 4 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль иеленді.

Төрт алтынның бірін Екатерина Болгарская (2003 ж.т.) жеңіп алды. Спортшы 200 м қашықтыққа кешенді жүзуде, сондай-ақ 400 және 800 м қашықтыққа еркін үлгіде жүзуде ел чемпионатында үздік нәтиже көрсетті. Еркін үлгіде 100 м қашықтыққа жүзуде Юлия Демченко (2002 ж.т.) Астананың қоржынына тағы да бір алтын медаль салды.

Еркін үлгіде жүзуде 4х100 м эстафетада командалық жарыста қыздар 2-орын алды, ал 4х200 (еркін үлгі) және 4х100 м (біріктірілген) эстафеталарында - екі қола жүлдеге қол жеткізді. Аралас команда 4х100 м эстафетасында күміс (біріктірілген), ал ерлер командасы 4х100 м эстафетасында (еркін үлгі) қола медаль жеңіп алды.

Бұдан басқа, Юлия Демченко «Еркін үлгіде жүзуден үздік спортшы» атанды. Жалпы чемпионатта ол 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленді.

Айта кетейік, Астана қаласының №4 ОРМБЖСМ жүзуден жаттықтырушылар құрамы Қазақстан Республикасының чемпионатын ұйымдастыруға және өткізуге белсенді түрде қатысты.

null null