Астананың Суда құтқару қызметі мұздың әлі толық қатпағанын ескертіп, тұрғындарды абай болуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ауа температурасының төмендеуінен су қоймаларында қалыңдығы 7-12 см мұз қатқан. Осындай мұз қату кезеңінде су айдындарындағы абайсыздықтан бірқатар қайғылы жайттар орын алып жатады. Мұздың толығымен қатуына әлі кем дегенде екі апта уақыт керек, деп хабарлады astana.kz.
Астана қаласы ТЖД-нің Суда құтқару қызметі дұрыс қатпаған жұқа мұзға шығуға, ойықтарға жақындауға болмайтынын және көлікпен мұз айдындарына шығу қауіпті екенін ескертеді. «Есте сақтаңыздар, мұз қату кезеңінде қайғылы жайттарға көбінесе балалар тап болады. Балалардың өз бетінше өзенге баруларына жол бермеңіздер!», делінген Астана қаласы ТЖД-нің Суда құтқару қызметі таратқан ақпартта.