Астананың тәртіп сақшылары елордада пәтер тонаумен айналысып жүрген гастролерлерді ұстады
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылдың наурыз айының соңына қарата Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері еліміздің өзге аймақтарынан Астанаға келіп, пәтер тонаумен айналысып жүрген гастролерлерді ұстады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық Ішкі істер департаментінің Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Хасан Чунчалиновтың айтуынша, қылмыстық топтың құрамында барлығы 6 адам болған және олардың барлығы да Қызылорда облысының тұрғындары болып шықты. Осы уақытта қылмыстық топтың өткен жылдың күзінен бері жасаған 28 пәтер тонау әрекеттері дәлелденді. «Қылмыстық топ негізінен «Шұбар», «Көктал», «Энергетик», «Комсомольский» сияқты аудандардағы жеке сектордағы тұрғын үйлерді тонаған. Олар қорғаныс шаралары әлсіз үйлерді таңдап, жымысқы әрекеттерін негізінен түнгі мезгілдерде жүзеге асырып жүрген. «Тәртіп сақшылары қылмыстық топ өкілдерін олар жалдап тұрып жатқан пәтерге көршілес тұратын әйелдің арқасында қолға түсірді. Үнемі ерте кетіп кеш келетін жастардың әрекеттеріне күмәмданған көрші көрші әйел полиция органдарына телефон шалды. Тергеу амалдарының нәтижелері аталмыш топ өкілдерінің елордаға айына бір рет келіп, аптасына үш пәтер тонайтындығын көрсетті. Әр пәтерді ұрылар небәрі 10-15 минуттың ішінде жым-жылас етіп жүрген. Ал ұрланған заттарды олар ломбардтарға өткізген. Кейбір әшекейлік заттарды жақындарына сыйлаған. Қазіргі таңда қылмыстық топ өкілдері уақытша ұстау оқшаулағышына жабылып, қылмыстық іс қозғалды. Олардың қылмыстары дәлелденсе, 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандықтарынан айырылады», деді басқарма бастығының орынбасары.