18:33, 31 Шілде 2015 | GMT +5
Астананың теміржол вокзалында флешмоб ұйымдастырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы темір жол вокзалының перронында флешмоб ұйымдастырылып, шағын концерт қойылды. «Тұлпар-Тальго» пойызының жас, өнерлі жолсеріктері өздерінің кәсби мерекесі - Көлік қызметкерлері күнін осылай ерекше атап өтуде, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен.

«Жолаушыларға сапар алдында мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Өйткені олардың ұлттық тасымалдаушы компанияға деген көзқарасы біздің қызметімізге тікелей байланысты. Қазір пойыздарда сервистік қызметтің деңгейі заман талабына сай өсіп келеді. Түрлі жеңілдіктер қарастырылған билеттер де қолжетімді», - дейді жолсеріктер. Мерекелік шара барысында викторина өткізіліп, оның жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар және «Тұлпар-Тальго» пойыздарына билет сатып алғанда 10 пайыздан 20 пайызға дейін жеңілдіктерге беретін «Саяхатшы» дисконттық карталары табыс етілді.