Астананың тұрғындары мен қонақтары ғарыш көжесімен және кофесімен танысады - «Назарбаев орталығындағы» көрме

АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Назарбаев ортылығында» ашылған «Қазақстан - ғарыш айлағы» атты көрмеде Астананың тұрғындары мен қонақтары ғарыш көжесімен, кофесімен және басқа да көптеген қызықты дүниелермен танысады.

Астананың тұрғындары мен қонақтары ғарыш көжесімен және кофесімен танысады - «Назарбаев орталығындағы» көрме

Көрмеде ғарышқа ең алғаш ұшқан адам - Юрий Гагариннен бастап, қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев туралы материалдар, олардың ғарыштық киімдері, ғарышкерлердің ішетін тамақтары қойылған.

Көрменің ашылуына қатысқан РФ және ҚР ғарышкер-ұшқышы, Қазақстан авиациясының генерал-лейтенанты, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев өзінің мамандығын мақтан тұтатынын айта келіп: «1961 жылдың 12 сәуірінде ғарышқа Юрий Гагарин ұшқанын мектепте естіген кезімізде, барлық балалар «Мен - Гагаринмін!» деп айғайлады. Ал мен «Ғарышта - Талғат Мұсабаев!» - деп дауыстадым. Сөйтіп, 33 жылдан кейін менің арманым орындалды. Алайда оған жету үшін аянбай тер төктім. Қазір Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігін басқарып отырғаныма қуаныштымын. Кеңес кезіндегі және Ресейдегі ғарышкерлер қатарында жүріп жинаған тәжірибемді қолдана отырып, елімізге пайдамды тигізсем деймін. Нәтиже жаман емес деп ойлаймын», - деп атап өтті.

Аталмыш шара Халықаралық ғарыш күніне орайластырылып отыр және ағымдағы жылдың 14 сәуіріне дейін жалғасады.