16:33, 06 Қазан 2012 | GMT +5
Астананың туристік нышанын анықтауға жобалар қабылданып жатыр
АСТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат - Астананың туристік нышанын анықтау бойынша жүргізіліп жатқан байқау жұртшылық арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, оған қатысу үшін суретшілер мен дизайнерлер еліміздің түкпір-түкпірінен өтініштерін жібере бастаған. Астана, Алматы, Өскемен, Қызылорда, Тараз, Ақтау, Семей, Қарағанды қаласынан келіп түскен үлгілер жетерлік. Тіпті шет мемлекеттер де елорданың қайталанбас символын дайындауға атсалысып жатыр. Рига қаласынан келген өтінім осының дәлелі болса керек.
Бүгінгі күні байқау ұйымдастырушыларының қоржынында 50-ден астам жоба бар. Олардың саны күн санап артып келеді. Естеріңізге сала кетейік, бұл байқау қала күніне орай, қала басшылығының мұрындық болуымен ұйымдастырылған еді. Алайда келіп түскен жобалардың санын ғана емес, сапасын арттыру мақсатында бұл шара жыл соңына дейін ұзартылды.