Астананың тыныс-тіршілігінен хабардар ететін жаңа ақпараттық сайт іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астананың тыныс-тіршілігінен хабар беретін жаңа ақпараттық сайт іске қосылады. Бұл жайында ¬«Elorda Aqparat» атты жаңа медиа-ресурстың басшысы Қайсар Жұмабайұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астананың тыныс-тіршілігінен хабардар ететін жаңа ақпараттық сайт іске қосылады

«Құрметті достар! Жылы лебіздеріңіз бен қолдауларыңызға көп рахмет! "Астана ақшамы" ЖШС базасында ¬«Elorda Aqparat» атауымен жаңа медиа-ресурс жұмысын бастағанын хабарлағым (əрі нақтылай кеткім) келеді. Оны басқару маған сеніп тапсырылды. Ол қандай болады? Бірінші, елорданың өзіндік тарихы бар қос газеті - «Астана Ақшамы» жəне «Вечерняя Астана» медиа-ресурстың құрамында жұмыс істейтін болады (бұл басылымдарды қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз). Екінші, елорданың дамуына қатысты анағұрлым өзекті мəселелер, тың идеялар, бастамалар мен жобалар талқыланып, жүйеленетін коммуникациялық алаң ретінде "Қалалық шешімдер бюросы" іске қосылды. Үшінші - интернет-ресурстар. Қалалық басылымдардың ресми сайттарын заман талабына сай жаңарту жұмыстары күтіп тұр. Сонымен қатар Қазақстанның бас қаласының өміріне қатысты жедел əрі өзекті ақпараттардың дереккөзіне айналатын жаңа ақпараттық сайтты іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша біз ақпараттық-коммуникациялық қызметті күшейтіп, ақпарат тарату және кері байланыс арнасын кеңейткіміз келеді», - деп жазды Қайсар Жұмабайұлы.