Астананың үлкен айналма жолындағы теміржол өткелі күрделі жөндеуден өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада үлкен айналма жолдағы теміржол өткеліне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Жаңартылған жол өткелі іске қосылса, қаладағы көлік қозғалысы әжептәуір жеңілдейді деп жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астанадағы үлкен айналма жолының 4-шақырымындағы теміржол арқылы өтетін өткелде күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Былтыр бұл өткел апатты деп танылған еді. Бір жыл ішінде жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, өткел құрылысын аяқтадық. Жол өткелі жаңадан салынып, құрылымдары нығая түсті. Өткел 4 жолақтан тұрады. Үлкен айналма жолы өткелі арқылы көлік қозғалысының болжамды қарқыны тәулігіне - 19-20 мың», - дегене жауап келді «ҚазАвтоЖол» компаниясынан ҚазАқпарат агенттігі жолдаған сауалға.
Ұлттық компания ұсынған мәліметке сәйкес, күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде Р-10 тасжолының өткізу қабілеті артып, көліктер мен пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
Айта кетсек, елорда әкімдігінің хабарлауынша, осы айналма жол іске қосылса, қала ішіндегі кептеліс, жол іркілісі шешімін таппақ.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмысына салғырт қараған 5 мердігер компаниямен келісімшартты үзгені туралы хабарлаған едік.