«Астананың» жанкүйерлері футбол клубының әнұранын өздері ойлап таба алады - Бас менеджер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдегі футбол клубтарының арасында әнұраны ең атақты «Ливерпуль» командасының әнұранын жанкүйерлердің өзі ойлап тапқан.

«Астананың» жанкүйерлері футбол клубының әнұранын өздері ойлап таба алады - Бас менеджер

Сол сияқты, «Астана» футбол клубының әнұранын да жанкүйерлердің өзі ойлап тапса, әнұран барынша танымал әрі шын жүректен айтылар еді, дейді клубтың бас менеджері Қайсар Бекенов.

30 қыркүйек күні өтетін «Астана-Галатасарай» матчының дайындығына арналған баспасөз мәслихатынан соң бірқатар журналистердің сұрағына жауап берген ол клубтың әнұранын арнайы жаздырғаннан гөрі, жанкүйерлердің өздері таңдаған ән шынайы болады дейді.

«Барселона», «Реал», «Бенфика» клубтарын алып қарасақ та, олардың әнұрандары арнайы жазылмаған, команданың дамуымен бірге, жанкүйерлер жақсы көрген әндерін айтып, он-жимырма жыл ішінде сол футбол клубтарының гимндеріне айналған. Мысалы, әлемдегі футбол клубтарының арасында әнұраны ең атақты «Ливерпуль» клубын алайық, ол әнді клуб тапсырыспен жаздырған жоқ, команданың ойындарына жиналған жанкүйерлер сол әнді айта берген соң, клуб ресми әнұраны ретінде тіркеді», - дейді ойын білдірген Қ.Бекенов.

««Астана» клубының да әнұраны пайда болады, оған шүбә келтірмеймін. Ән дегеніміз - өз алдына жеке творчество, сондықтан, клуб арнайы тапсырыс беріп жаздырғаннан қарағанда, жанкүйерлердің жанына жақын, өздері таңдап алған әндері біздің гимнге айналса, шынайы болар еді. Мүмкін тіпті, қазақтың халық әндерінің бірі «Астананың» гимне айнала алады»,-дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» футбол командасы Қазақстан футболының тарихында тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен команда. Топтық кезеңде «Астана» «С» тобында ойнайды. 15 қыркүйек күні Португалияда «Бенфикаға» қарсы ойнаған елорданың клубы қарсыласқа 0:2 есебімен есе жіберген болатын.