Астананың ЖИТС орталығына жаңа жылжымалы сенім пункті берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы екпе арқылы есірткі қабылдайтындар мен жыныстық қызмет көрсететін адамдарды тексеруге арналған заманауи жылжымалы сенім пунктін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұған дейін де қаламызда екі жылжымалы сенім пункті жұмыс істеп келген еді. Ал қазір алған автокөлік заман талабына сай жабықталған әрі дәргерлердің тыңғылықты жұмыс атқаруына барлық жағдай қарастырылған», - дейді аталмыш мекеменің алдын алу бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Күзембаева.
Оның айтуынша, жаңа жылжымалы сенім пункті Mercedes Sprinter маркалы автокөлік негізінде арнайы тапсырыс бойынша жиналған. Көлік құрлымы заман талабына сай, қолданысқа қолайлы, барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкестелген.
«Онда екі маманның бір мезгілде қабылдау жүргізуіне және АИТВ-инфекциясына жедел тестілеу өткізуіне мүмкіндік бар. Сондай-ақ жұмыс орындары жалпы және жергілікті жарықпен, бактерицидтік шаммен, қысқы уақытта ауаны жылытатын, ал жазғы кезеңде ауаны салқындататын жүйемен жабдықталған, салонның ішкі беттері оңай залалсыздандырылады. Бұл біз үшін алдын алу шараларының тиімділігін және жоғары тәуекел топтарының орталық қызметіне қолжетімділігін арттыруға септігін тигізетініне сенімдіміз», - деді ол.
Жылжымалы сенім пунктінің негізгі мақсаты - тәуекел топтары арасында жаңа жұқтыру жағдайларын болдырмау. Мамандар әрбір келушіге АИТВ-ның алдын алу шаралары және жұқтыру қаупін азайту туралы жеке кеңестер, АИТВ-ға тестіден өту маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.