Астананың жол қозғалысы қауіпсіздік талаптарына сай емес - прокуратура

АСТАНА.  3 қазан. ҚазАқпарат - Астана қаласының прокуратурасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын тексерді.
None
None

Нәтижесінде Астанадағы жол қозғалысы қауіпсіздігінің жай-күйі белгіленген талаптарға толығымен сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлайды.

Атап айтқанда, қалалық прокуратура тексеріс барысында қоғамдық көліктерге баса назар аударып, елорда аумағында жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын барлық кәсіпорындарға тән бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған.

«Жолаушылар тасымалы кәсіпорындарында жабдықталған диспетчерлік пункттердің болмауы, автокөлік құралдарының жолаушы тасымалдауға арналған техникалық талаптарға сәйкес келмеуі анықталды. Бұдан бөлек, жүргізушілер құрамының жартысынан көбі елдің өзге өңірлерінен келген, жұмыс өтілдері аз және тұрақты тіркеуде жоқ болып отыр. Жауапты тұлғалар қауіпсіздік техникасы және жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша персоналға нұсқау бермеген, алдын ала медициналық тексеруден өтпеген адамды жұмысқа алу фактілері де орын алған. Сонымен қатар, жолаушыларда аялдамада отырғызу және түсіру кезінде қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу, сондай-ақ қала бағыттарында жалпы пайдаланудағы жолаушылар көлігімен қызмет көрсету туралы келісімшарт талаптарын орындамау сияқты заң бұзушылықтарға жиі жол берілген», - делінген хабарламада.

Тексеру нәтижесі бойынша қала әкімдігіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, аталған ұсынысты қарау нәтижесінде өрескел заң бұзушылықтарға жол бергені үшін бірқатар бағыттар және  тасымалдаушылармен қызмет көрсету құқығын беретін шарт бұзылған. Атап айтқанда, олардың қатарында «№1 автобус паркі» АҚ - №120, №129 бағыт, «№3 автобус паркі» ЖШС - №13 бағыт, «№4 автобус паркі» ЖШС - №35 бағыт, «Жорға» ЖШС - №2 бағыт, «Компания Самбет» ЖШС - №19, №37 бағыт. Кәсіпорындарда нұсқаулықтардың жүргізілуіне және жүргізушілерді желіге шығарылуына тиісті бақылауды қамтамасыз етпегені үшін «Астана қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің бақылау-желілік қызметінің бас маманына  сөгіс жарияланған.

Соңғы жаңалықтар