Астананың жол полициясы көліктік бақылау инспекциясымен және салық органдарымен бірлесіп такси көліктеріне рейд жүргізуде

АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астананың жол полициясы көліктік бақылау инспекциясымен және салық органдарымен бірлесіп такси көліктеріне рейд жүргізуде.

Астананың жол полициясы көліктік бақылау инспекциясымен және салық органдарымен бірлесіп такси көліктеріне рейд жүргізуде

Бұл туралы қалалық Жол полициясы басқармасынан мәлім етті.

«Бүгінгі күні қалада ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Елордада автомобиль көлігімен жолаушылар мен жүктерді тасымалдаудың ережелері» жұмыс істейді. Осы ережелерге сәйкес барлық таксомоторлы компаниялар тасымалдауды жүзеге асыру үшін рұқсат алуы тиіс, алайда ол рұқсат бірде-бір компанияда жоқ», - деп атап өтті Жол полициясы басқармасынан.

Сондай-ақ, ЖПБ-дан мәлім еткендей, барлық такси көліктерінде периметр бойынша арнайы жолақтар, таксометрлер мен радиобайланыс болуы тиіс. Сондай-ақ, барлық машиналар бір түске боялып, олардың төбесінде «TAXI» белгісі орнатылуы қажет. Ал жүргізушілер белгіленген үлгідегі формалық киімде болу керек.

«Рейдтің нәтижесі көрсетіп отырғандай, тасымалдаушылардың көліктері Қаулының талаптарына сай келмейді. Оның үстіне таксомоторлы компаниялар жолаушылар тасымалының қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамай отыр. Мәселен, олар сапар алдында өз жүргізушілерін медициналық, ал автокөліктерін техникалық тексерістерден өткізбейді», - деді ЖПБ-дан.

Бүгінгі күні Астанада жолаушыларды такси көліктерімен тасымалдаудың екі санаты бар. Олардың бірі - өздерінің автомашиналар паркі бар, бірақ кәсіпорынның атына тіркелген көлік құралдарын қоятын тұрақтары жоқ компаниялар. Әдетте олардың көліктері үй маңына қойылады.

Екінші санатқа - жекеменшік көліктерді тарта отырып, салық органдарының жарғылары негізінде жұмыс істеп отырған жекеменшік кәсіпкерлер жатады.

Рейдтердің нәтижесінде, ЖПБ 2010 жылдың өткен 8 айында такси көліктерінің жол жүру ережелерін бұзған 1825 фактісін анықтады. Оның 579-ында көліктер техникалық жарамсыз күйде болған. 222-сі тоқтау, тұраққа тұру, жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғандар, ал 247-сі - мемлекеттік техникалық тексеруден өтпеген. Сонымен қатар, түрлі бұзушылықтар үшін 272 такси көлігінен мемлекеттік нөмірлер алынып, олар уақытша сақтау тұрағына жеткізілді.