Астананың жол полициясы күшейтілген жұмыс режиміне ауысты
АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылының басталуына байланысты Астана қаласының жол полициясы қыркүйектің 9-ына дейін күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Бұл туралы ҚазАқпаратқа жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Басқармадан хабарлағандай, бұл күндері елорданың барлық білім ошақтарының жанында жол-бекет қызметінің нарядтары кезекшілік атқаратын болады. Жол полициясының қызметкерлері дәстүрлі мектеп линейкаларына қатысып, оқушылардың естеріне жолда жүрудің қауіпсіздік ережелерін салады. Қыркүйектің 9-ына дейін сондай-ақ, автожүргізушілерге де жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы үнпарақтар тарату жоспарлануда.
Жол полициясы басқармасының ақпараты бойынша, жаңа оқу жылының қарсаңында 8 мектептің жанына «Жаяу жүргіншілер өткелі» деген 16 жол белгісі, ал 21 мектептің жанына «Балалар» деген 40 ескерту белгісі орнатылды.