Астананың жол полициясы жүргізушілерді Жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алудың бүкіләлемдік күніне арналған акцияға қосылуға шақырады
АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының Жол полициясы басқармасы елорданың барлық жүргізушілерін ертең, 21 қарашада - Жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алудың бүкіләлемдік күніне орай ұйымдастырылып отырған акцияға қосылуға шақырады.
Жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алудың бүкіләлемдік күні БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
ЖПБ осы күні жол апаттарының құрбандарын еске алып, оларға құрмет білдіру мақсатында акция өткізеді. Акцияға барлық жүргізушілерге қосылып, 21 қараша күні түскі сағат 12.00-де жақынға түсірілетін жарық беру фарларын жағып, дыбыс сигналын басуды сұрайды.
Айта кетейік, жыл сайын әлемде жол-көлік оқиғаларынан 1,2 млн. астам адам көз жұмады. Қазақстанда бұл көрсеткіш жылына 3 мың адамды құрайды, тағы 17 мыңы түрлі жарақаттар алады.