Астананың Жұмыспен қамту орталығы 7 мыңнан астам адамға көмектесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Астана қаласының жұмыспен қамту орталығы арқылы 4 013 адам жұмысқа орналасты. Бұл astana.gov.kz сайты хабарлады.
Бұдан басқа, Орталықпен 605 адам қайта даярлау және мамандығын өзгерту бойынша курстарға жіберілді, 314-і жастар практикасынан өтті, сондай-ақ, 1 079 адам қоғамдық жұмыстарға қатысуда.
- Қазіргі кезде 2 339 қала тұрғынына жұмыссыздар мәртебесі берілген. Өткен жылмен салыстырғанда биыл жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмен. Былтыр бұл көрсеткіш 5,1% болса, үстіміздегі жылы 4,7% дейін төмендеді, - дейді Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар.
Күн сайын 400-ге жуық адам Жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінеді. Орталық қала тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында жыл басынан бері 7 бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жалпы, үстіміздегі жылы осындай 12 шара өткізу жоспарланған. Аталған шаралардың барысында құрылысшы, монтаждаушы, электр маманы, газ-электр дәнекерлеуші сынды мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары көп ұсынылады. Сонымен қатар, даяшы, бармен, сатушы және аспаз сияқты қызмет көрсету саласының мамандары да сұранысқа ие.