Астананың жылыту маусымына дайындығы қандай
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 127 әлеуметтік және мәдениет нысанға жылу берілді. Бұл туралы Астана қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда Астана қаласы энергия кешендерінің алдағы жылыту маусымына дайындығы жоспарға сәйкес өтуде. 2018 жылғы 2 қазандағы жағдай бойынша энергия көздерінің дайындығы 96, жылумен жабдықтау желілері 90, электрмен жабдықтау 99, сумен жабдықтау 94 пайызды құрайды. Энергия көздеріндегі отын қоры 20 тәуліктен артық уақытқа жеткілікті. Атап айтқанда, көмір бойынша 332 606 тонна, мазут бойынша 5770 тонна бар»,- деді ол.
Оның айтуынша, тұрғын үй дайындығы 98, денсаулық сақтау нысандары 100, мәдениет нысандары 100, білім беру нысандары 99 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта бір білім беру нысанын жылыту маусымына дайындау жұмыстары аяқталуға жақын.
«Бүгінде өтініш бойынша 127 әлеуметтік және мәдениет нысандары жылумен жабдықтау жүйесіне қосылды. Оның ішінде 18 денсаулық сақтау нысаны, 72 балабақша, 16 мектеп, 11 оқу орны, 3 мәдениет нысаны және 7 басқа да нысан бар», - деді.
Сонымен қатар ол халықты қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының әкімдігі көмірдің жеткізілуіне тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. 2-3 қазан күндері елордаға 28 вагон немесе 1942 тонна көмір жеткізілді. Оның - 759 тоннасы Шұбаркөл, 907 тоннасы Майкөбе және 276 тоннасы Қаражыр көмірі. Көмір бағасы тұрақты. Атап айтқанда, қатты отын сататын жерлерде Шұбаркөлдің бір тоннасы 13 500-14 500, Майкөбе 12 500 мың, Қаражыра 14 000, Богатырь 9500 теңгеден сатылуда.
«Көмір нарығындағы жағдай күн сайын Астана қаласы әкімдігінің бақылауында және тұрақты қадағалауында. «І-көмек 109» жедел орталық қызметі базасында тұрғындарға арналған жедел желі құрылды. Айта кетерлігі, Астана қаласында жылыту маусымына дайындық және өткізу ережелеріне сәйкес жылыту маусымы орташа тәулікпен сыртқы ауа температурасы + 10 градус және бес тәулік бойы сақталғанда басталады», - деді Б.Байсадықов.