Астананың жыр сүйер қауымы Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған әдеби-музыкалық кештен рухани қуат алды
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астананың жыр сүйер қауымы Қадыр Мырза Әлінің асқақ та ойлы өлеңдерімен сусындады.
Конгресс-Холл сарайына лық толған көрермен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған әдеби-музыкалық кештен рухани қуат алды.
Кештің шымылдығын ашқан ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов: «Асылы, біз бақытты халық екенбіз, Қадекең сияқты ақынымыз болды. Қадыр ақынның бізге бергені не? Біз оны не үшін жақсы көреміз? Ол өйткені қазақ деген халықтың портретін жасады. Қадекең туралы әңгіме ол қазақ туралы әңгіме. Оның басы бар, бірақ аяқталмайды. Арада жылдар өтер, ғасырлар өтер. Уақыт өткен сайын біз Қадекеңнің қадірін біле түсеміз»,- деді.
Келесі кезекте сөз алған Қадыр Мырза Әлі атындағы қоғамдық қордың директоры Донеділ Қажымов: «Бұл Қадыр ағаның соңында қалған ұшан-теңіз шығармаларын насихаттауға, еңбектерін келер ұрпаққа жеткізу мақсатында құрылған қор еді. Бұл істің басы-қасында талай-талай жайсаңдар жүргенін айтқаным жөн. Соның ішінде Нұрғали Нүсіпжанов, Ілия Жақанов, Ескендір Хасанғалиев, Ақұштап Бақтыгереева сияқты қазақтың қабырғалы азаматтары, өнер мен әдебиеттің майталмандары бар. Соның арқасында аз уақыттың ішінде біраз дүние тындырылды деп айтуға болады. Баспада Қадыр ағаның өзі көре алмай кеткен 18 томдық толық жинағы басылып шығып, алынбай тұрғанда, өз қаражатына алып берген Құндыз Нүпов деген азамат. Қадекеңнің көзі тірісінде мұндай кеші Астанада өтпеген еді. Зайыбы Салтанат, төрт жасар немересі Мүсілім келіп отыр»,- деді.
Жуырда ғана Қадыр ағаны еске алу шарасы өзінің кіндік қаны тамған туған өңірі Батыс Қазақстан облысында өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған азаматтар қолдау жасаған.
Осы кешті ұйымдастырушылар Астана қаласының әкімдігіне алғысын жеткізді. Және де Мәдениет министрлігі қолдап отырғанын айтты.
Осы кеште ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды. Нұрғали Нүсіпжанов, Майра Нүркенова, Гүлнұр Оразымбетова, Әбдіхан Нұрмағанбет, Күләш Қуанышқалиева және басқа танылмал өнер иелері мен жас әншілер ән салды.
Әнші Эльмира Жаңабергенова ақынның Күлтегін поэмасын орындап берді. Әнші Гүлмира Сарина және Әбдірай Нұрпейіс сахнаға шығып, Қадыр Мырза Әлі өлеңдерінен «Ана мен бала» композициясын көрермен назарына ұсынды.
Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері ақынның өмір, қоғам туралы асқақ жырларын мәнерлеп оқып беріп, көрермендердің ықыласына бөленді.
Ақын жұбайы Салтанат осы кешке жиналған елордалықтарға ризашылығын білдірді.