Астықты терең өңдейтін 6 жоба іске асады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 9 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі де артып келеді. Биыл он айда өсімдік майының өндірісі 24,1%-ға өсіп, 938 мың тоннаны, ұн өндірісі 10,8%-ға өсіп, 3,2 млн тоннаны, кондитерлік өнімдер өндірісі 7,1%-ға өсіп, 210 мың тоннаны құрады. Агроөнеркәсіптік кешеннің қайта өңделген өнімдерінің экспорты да артты. Қаңтар–тамыз айларында оның көлемі 35,1%-ға ұлғайып, 3 млрд АҚШ долларына жетті. 2023 жылмен салыстырғанда өсімдік майының экспорты 40%-ға өсіп, 705 мың тоннаны, ұн экспорты 30%-ға өсіп, 1,38 млн тоннаны, кондитерлік өнімдер экспорты 17%-ға өсіп, 51,1 мың тоннаны құрады, - деді министр.
Айдарбек Сапаровтың сөзіне қарағанда, саланың кеңеюімен қатар инвестиция көлемі де ұлғайып келеді. Биылғы тоғыз айда тамақ өнімдерін өндіру саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар 2,1 есе өсіп, 373 миллиард теңгеге жетті.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Осы бағытта 2029 жылға дейін жылына жалпы көлемі 5,8 млн тоннаға дейін астық шикізатын өңдейтін алты ірі жобаны іске асыру көзделген. Алғашқы нәтижелер бар. Биыл Түркістан облысында «Қазкрахмал» зауыты, Жамбыл облысында «Фуфэнг Групп» компаниясының жобасы іске қосылды. «Қазкрахмал» зауытында жүгеріден модификацияланған крахмал мен глюкоза-фруктоза шәрбаттарын өндіру көзделген. «Фуфэнг» жобасы аясында крахмал, аминқышқылдары (лизин, треонин, глутамин қышқылы, глутамин, лейцин), жемшөп, жүгері ақуызы мен жүгері дәнінің ұрығын қамтитын өнім түрлерін шығару жоспарланған. Бұл өнімдерге әлемдік нарықта сұраныс өсіп келеді, - деді ол.
Министрдің дерегінше, 2029 жылға дейін тағы төрт жобаны іске қосу жоспарланған. Оның екеуі Ақмола облысында, біреуі Қостанай облысында және біреуі Астана қаласында орналасады. Бұл жобаларды іске асыру – қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін ұлғайтуға, отандық астыққа сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Осы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 1,4 трлн теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе көп. Бүгінгі таңда отандық және шетелдік инвесторлармен жалпы сомасы 2,4 трлн теңгені құрайтын инвестициялар туралы 13 келісім жасалды. Инвесторлар қатарында Фуфенг Груп, Марс, Кока-кола, Карлсберг, Тирияки Холдинг, Шинлайн және басқа да компаниялар бар. Бұл жобаларды іске асыру отандық ауыл шаруашылығы шикізатына сұранысты арттыруға, қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейтуге және өңірлерде жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, - деді министр.