Астрахан ауданында дене шынықтыру және спорт кешені салынып жатыр
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Егіндікөл және Астрахан аудандарында болып, бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының егістік алқаптарын аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы күндері Егіндікөл ауданындағы «АСКОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары дала төсіндегі еңбек көрігін қыздырып, жұмысты қарқынды жүргізуде. Облыс әкімі аудандарға жұмыс сапарын осы шаруашылықтың егістік алқаптарын аралаудан бастады.
Серіктестіктің бас директоры Николай Степаненконың айтуынша, диқандар тәулігіне бір мың гектардан астам алқапта егін бастыруда. Серіктестіктің облыстың бес ауданының аумағында барлығы 90 мың гектардан астам жері бар. Барлық егістік алқаптары бойынша гектар берекесі 13,6 центнерден айналуда. Шаруашылық жыл сайын 20 мыңнан астам егістік жерлерін тыңайтып отырады. Оған қоса, арамшөптермен күресу үшін химиялық препараттарды қолданып келеді. Осындай қазіргі заманғы технология мен агротехникалық шаралардың арқасында шаруашылық диқандары мол астық жинауды межелеп отыр. Бұл компанияның құрамына Макинск қаласындағы сыйымдылығы 150 мың тонна элеватор да кіреді. Сонымен қатар, серіктестік мал шаруашылығымен де айналысады.
«Біз егіншілікпен қатар, белсенді түрде мал өсірумен айналысамыз. 700 гектар жайылымдық жеріміз және асыл тұқымды 250 бас ірі қарамыз бар. Жақында Башқұрстаннан Романов тұқымды 55 бас қой алдырттық. Бұған қоса, шошқа да өсіреміз. Келер жылы ет өңдейтін кәсіпорын ашу жоспарда бар», - дейді Николай Степаненко.
Сонымен қатар, облыс әкімі осы аудандағы «Сарымсақты» және «Урожайное» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егіс алқаптарын аралап, астық жинау науқанының барысымен танысты.
Ал Егіндікөл ауылында М.Мырзалин жаңадан салынып жатқан екі пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Мұнда бес үй салынуда, барлығы - 10 пәтер. Бүгінде олардың бірінде көпбалалы отбасы тұрып жатса, қалғандары жатақхана ретінде бөлініп отыр. Аталмыш үйлер алдағы желтоқсан айында толық пайдалануға беріледі.
Бұдан кейін облыс әкімінің сапары Астрахан ауданында жалғасты. «Фермер-2002» серіктестігінің егіс алқаптары мен «Шишов Е.И.» шаруа қожалығының көкөніс қоймасын аралап көрді. Шаруа қожалығының басшысы Евгений Шишовтың айтуынша, биылғы жылы 250 центнер картоп, 600 центнер қызылша, 550-650 сәбіз және 800 центнер қырыққабат жиналған. Өнімнің 60 пайызы Астана қаласына, қалған 40 пайызы еліміздің оңтүстік өңірлеріне жөнелтіледі.
Аудан орталығында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Соның бірі 36 пәтерлі тұрғын үй мен дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысын атап өтуге болады. Спорт кешеніне бюджеттен 220 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Аумағы 2000 шаршы метр нысанда спорт алаңы, фитнес орталығы, жаттығу алаңы және бассейн қарастырылған. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталған, оларды жыл соңында аяқтау жоспарланған. Құрылыс алаңында болған облыс әкімі аудан басшысы мен мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.
Сапар барысында Мәлік Мырзалин Егіндікөл және Астрахан аудандарының активімен кездесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айдағы қорытындыларын саралап, алдағы міндеттерді белгіледі. Күзгі егін орағын ойдағыдай аяқтау, бюджет кірісінің орындалуы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері қаралды. Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы баяндағандай салық төлемеу және субсидияны мақсатсыз пайдаланған жер пайдаланушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр. Осы орайда, аудан әкімдерінің есептерін тыңдаған облыс әкімі бұл мәселелерді шешу үшін қатаң шара қолданылатынын ескертті.