Астраханда Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері басталды
АСТРАХАН. ҚазАқпарат - Астрахан мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері үлкен мерекелік концертпен басталды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Елшілігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шара Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орайластырылған.
Кешті ашқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова алдағы іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, Қазақстан мен Ресей халқын сан ғасырлық ортақ тарих, экономикалық, біртұтас мәдени-рухани кеңістік байланыстыратынын атап өтті.

Өз кезегінде губернатордың орынбасары – Астрахан облысы үкіметінің төрағасы Олег Князев екі елді жақын, одақтас, достық қарым-қатынастар біріктіретінін атап өтті. «Мәдениет саласындағы әріптестік тату көршілік қарым-қатынасты құруда ерекше орын алатынына шын жүректен қуаныштымын», - деді ол.

Көрермендер Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің, домбыра шеберлері Секен Тұрысбеков, Батыржан Мықтыбаев пен Айгүл Үлкенбаеваның, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Салтанат Ахметованың және елімізге танымал басқа да әртістер мен шығармашылық ұжымдардың өнерін зор ықыласпен қарсы алды.
Айта кетейік, аталған шараға дейін Астрахан облысы Володар ауданы Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының ашық алаңында қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтті.
Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндерінің бағдарламасы 8 қыркүйекте Қазанда және 13 қыркүйекте Мәскеуде жалғасады.

Фото: www.kazembassy.ru