«Астық биыл мол болады-ау!..» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 сәуір, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінде Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілхановпен арадағы сұхбат жарияланды. Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінде қарастырылып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі үнқатысу алаңдарында талқыланып келеді.
«Аталған Заң жобасы қазақстандық қоғамда ҮЕҰ саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша талқыланып жүрген көп жылдық пікірталастардың негізінде Қазақстанның Азаматтық альянсымен әзірленді. Заң жобасында азаматтық секторды дамытудың ең қажетті нормалары: ҮЕҰ үшін гранттар, сыйақы және «үшінші сектор» үшін қаражат бөлудің ерекше тәртібі көрсетілген. Аталған мәселелер үш жылға жуық уақыт бойы азаматтық форум отырыстарында талқыланған, ал бұл үрдіс шетелдің ҮЕҰ-ның жұмыс тәжірибесіне әлдеқашан енгізілген»,-дейді Марат Әзілхановпен. Бұл сұхбат «Үкіметтік емес ұйымдар: дамудың жаңа кезеңдері» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Бас басылымда «Көксарайда күн сәулесінен қуат алынады» деген мақала берілген. Жақында Отырар ауданында күн электр стансасының негізі қаланды. Облыстың өзінде электр қуатына тапшылық қатты сезіледі. Жоба құрылысын «Promondis Kazakhstan» ЖШС-нің тапсырыс беруімен германиялық «NWCOMP SOLAR» компаниясы жасап жатыр. Жалпы құны 17 млрд. 800 млн. теңгеге жететін кешеннің Отырар ауданын таңдауының өз себебі бар.
«NWCOMP SOLAR» компаниясының бас инженері Виктор Вайдерспан «Осы жобаны жүзеге асыруға бел байлағанымызда Оңтүстіктің көптеген аудандарын араладық, осы жерді қолайлы көрдік», дейді. Осы салада он жылдан астам жұмыс жасаған, тәжірибесі мол компанияның Отырарға тоқтаған себебі, мұнда жазды күндері ала қарғаның миы қайнайтындай аптап ыстық болады. Төңіректе тал атаулыдан тұлдыр жоқ, күн сәулесін көлеңкелетер сая және жоқ. Оның үстіне, мұнда қуат көзіне тапшылық 280 мВт-қа жетеді. Сондықтан компания «жасыл экономика» бағдарламасы аясында алты жобаны қолға алмақ. Шаруа оңтайы келсе 290 мВт қуат көзін алуға мүмкіндік бар екен»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, биыл «Қазгидромет» егінші қауымды қуантып отыр. «Жалпы, үстіміздегі жылы Қазақстанның барлық өңірлерінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу кезеңінде топырақтың ылғал қоры негізінен, қанағаттанарлық және оңтайлы деңгейде болады!» деді «Қазгидрометтің» Агрометеорологиялық болжау басқармасының басшысы Ерболат Мұқанов.
Рас, осы синоптиктердің болжамынша, мамыр айында Павлодар облысында, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының аумағында жауын-шашынның мөлшері нормадан төмен болады деп күтілуде, ал қалған аймақтарда - нормадан жоғары. Амандық болса, биыл қазақ елі көңіл қуантарлық көлемде егінге қол жеткізуі керек. Өйткені аграршы-ғалымдардың да бағалауынша, «ағымдағы ауыл шаруашылығы жылының басы еліміздің негізгі астық себетін аймақтары үшін қолайлы болып қалыптасуда». Өткен жылы шілде айында шектен тыс жауған жауын-шашыннан кейін топырақтың күздік ылғалы мол болып қалыптасты, сондай-ақ қыс мезгілінде қазақ жеріне жеткілікті мөлшерде қар түсті. Сондықтан аграршылар қордаланған ылғалды сақтап, оны тиімді пайдаланса, көктемгі дала жұмыстарын өткізу үшін соның өзі жеткілікті. Бұл мақала газетте «Астық биыл мол болады-ау!..» деген тақырыппен жарияланды.
Осы басылымның бүгінгі санында «Халықты қолдау артады» атты мақала басылды. Кеше Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы» және оған ілеспе, қос заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Бұл жобаларға Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева бастаған бір топ депутат бастамашы болғандығын айта кеткен жөн.
Бұл ретте қос жоба да әбден талқыланып, бар «көбігі алынған». Осы мақсатта бірнеше тұсаукесер шарасы, сондай-ақ Мәжіліс пен Үкімет арасында құрылған жұмыс тобының 29 отырысы, мүдделі барлық тараптар шақырылған 2 кеңейтілген жиын ұйымдастырылды. Құжат авторлары - депутаттар арнаулы дөңгелек үстелдерге, «Нұр Отан» алаңдарындағы эксперттік топтардың отырыстарына қатысқан. Сонымен бірге халықаралық тәжірибе кеңінен зерделеніпті.
«Бірден айта кетелік, осы заңдар күшіне енген соң, «ең төменгі күнкөріс шегі» - Қазақстандағы «ең төменгі әлеуметтік стандарт» ретінде қабылданады. Қазіргі кезде, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ол - 21 мың 364 теңгеге тең. Яғни халықты қолдауға бағытталған мемлекеттік кепілдіктер осыдан төмен болмауға тиіс. Әйтпесе, мысалы, Парламентке «зейнетақысының 10 мың теңгеден аспайтынына» шағымданып келетін адамдар әлі бар»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Экспресс-К» газетінде «Нормальные герои всегда идут в обход» дген мақала берілген. Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырған экспедиция шаңғымен Солтүстік полюске жетіп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын орнатты.
Жалпы Солтүстік полюске сегізқазақстандық атанды. Ослодан олар Шпицберген архипелагына ұшып барған. Жергілікті Лонгийре елді мекенінде экспедиция екіге бөлініп, жартысы архипелагты зерттеуге қалса, ал қалғаны «Барнео» стансасына ұшақпен жеткен. Сол жерден олар шаңғымен Солтүстік полюске дейін 200 шақырым арақашықтықты еңсерген. Экспедиция мүшелерінің айтуынша, бұл сапар қиын табиғи жағдайларға байланысты оңай болмады.