Астық экспортын 9 млн. тоннаға жеткізуге әлеует жеткілікті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл астықты сатып алуда баға дәлізі өнімнің сапасына қарай көтерілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.
Министрлік деректеріне қарағанда, жалпы алғанда астықтың жалпы жиыны бункерлік салмақта 22 млн. тоннадан астам көлемде болжануда. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тазаланғаннан кейінгі жалпы түсім 21 млн. тонна деңгейіне болжануда, бұл еліміздің ішкі қажеттігін қамтамасыз етуге және экспорт әлеуетін 9 млн. тоннаға жеткізуге жеткілікті. Шамамен 1,7 млн. тонна дәнді дақылдардың тұқымы дайындалды, бұл қажеттіліктің 81 пайызын құрайды.
«Қазіргі уақытта «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ астық сатып алу бойынша өз бағаларын жариялады. Компанияның астық коммерциялық ресурстарына сатып алынатын астыққа келесі бағалар белгіленді: 3-сыныпты бидайдың тоннасына - 41 000-ден 50 000 теңгеге дейін, 4-сынып - 34 000-нан 36 000 теңгеге, 5-сыныпты бидайға - 30 000 теңге және 2-сыныпты арпаның тоннасына - 25 000 теңге. Осы ретте, биылғы егін жинау кезеңінде Корпорация астықты сатып алуда баға дәлізін сапасына қарай көтергенін атап өту керек»,-деді Қ. Айтуғанов.