Астық қабылдау кәсіпорындарына инспекторлардың тексерісін күшейту қажет - АШМ
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Астық қабылдау кәсіпорындарына инспекторлардың тексерісін күшейту қажет. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмабек Марс мәлім етті.
«Қазіргі күні мемлекеттік бақылау және қадағалаудың қолданыстағы заңнамасына сәйкес, біз элеваторларға алты айда бір рет қана жоспарлы тексеріс жасай аламыз. Ал әлгі қадағалаусыз қалған басқа алты айда астық қабылдау кәсіпорнының басшылары астықты қымбат бағамен сату арқылы өз пайдасын жүзеге асырады. Оның басым бөлігі мемлекеттік ресурстағы астықтар», - дейді А. Марс.
Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары астық қабылдау кәсіпорындарында болатын жоспарлы тексерісті айына бір рет жүргізу қажеттігін алға тартады.