«Астық көп пе, әлде қамба аз ба?» - республикалық басылымдарға шолу

***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангоны қабылдады. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай халықаралық құрылымдарда өзара ықпалдастықтың тығыз үлгісін көрсетіп отырғандығын атап өтті. Әсіресе, БҰҰ, ШЫҰ шеңберіндегі қатынастар туралы осыны айтуға болады. Сонымен қатар Қытай Қазақстанның АӨСШК, Дәстүрлі діндер басшыларының съездерін өткізу секілді халықаралық бастамаларын қолдап отырады. Мемлекет басшысының Қытай өкілін қабылдау барысында айтылған мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінге санында «Достық рәуіштегі қабылдау» деген тақырыппен жарық көрді.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашевтің «2008» атты мақаласын жариялады. Әйгілі ғалым онда тәуелсіз Қазақстан, әлемдік қаржы дағдарысы, елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуі, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі сияқты мәселелер төңірегіндегі ойымен бөліседі. Ғалымның айтуынша, 10 жылдық уақыт бізге елорданың тек саяси қала емес, алаш жұртын ұйыстырған рухани да орталық бола алғанын дәлелдеді.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, қалталылар енді пәниден бақиға аттанғанда өз мүрделерін айға апарып, жерлеу керектігін көтере бастапты. «Әрине бұл ретте «өлген адамды табытқа сап, не болмаса кебінге орап, ғарышқа ұшатын зымыранға тиеп жерледі екен деген түсінік тумауы тиіс»,-деп жазады басылымы. Ал шын мәнінде мүрдені ғарышқа жөнелту сияқты жәйттер болған ба, болса бұл шара қалай жүзеге асырылады?. Бұл туралы «Айға апарып, жерлеңдер!...» атты мақаладан білуге болады.
«Осыдан 5 жыл бұрын жас мемлекеттің қазіргі даму белесі қандай деген оймен тағы да қазақ жеріне арнайы табан тіредім. Әрбір сапарымда Қазақстанды жаңа мемлекет сияқты өзіма қайта ашып отырамын. Қазіргі дамуды айтсақ, тіптен, таңдай қағасың. Әлемде мұнай мен газға бай мемлекеттер баршылық, бірақ олардың көбі қарыштап дамып жатқан жоқ. Ондай елдерде диктатура да бар, барлық қаржы қалың қалталарға кетіп жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен. Ал Қазақстанда олай емес», - дейді Жапонияның Қазақстандағы елшісі Матсуи Акира. Оның Қазақстанның даму жолы жөніндегі ой пікірлерімен «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарияланған «Мен қазақ елінің дамуына әлі де тамсанумен келемін» деген тақырыппен жарық көрген сұхбаттан біле аласыздар
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, биыл Қазақстанда астықтың рекордтық көрсеткіші жиналып, қырман-қамбаларымыз лық толатын секілді. Кейбір аймақтарда астық сақтау қоймаларының тапшылығы әлден-ақ сезілуде. Сондықтан мемлекет ондағы астықты тез арада сатып алып, орын босатуды көздейді. Ал жекеменшік шаруа қожалықтары болса, «астықтың бағасы әлі де қымбаттайды» деген үмітпен өз өнімін сақтауға асықпай жатыр. Бұл мәселе жөнінде басылымының бүгінгі санындағы «Астық көп пе, әлде қамба аз ба?» деген мақалада егжей-тегжейлі жзылған.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Шөл даланың падишасы неге азайып барады?» атты мақала жариялап, үлкен мәселе көтеріпті. Басылымның жазуынша, ұлан-ғайыр даламыздың сәніне айналған жасыл желектің сан алуан түрі бар. «Қайсысы да жанымызға жақын. Бала кезден бауыр басқанбыз. Ауылға барғанда кең далаға көз саламыз. Кейде көңіліміз пәс болып қалады. Өсімдіктің кей түрлері көз алдымызда азайып барады»,-деп жазады басылым.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, елде астық жинау науқаны аяқталуға таяу. Бүгінде жиналған дәнді дақылдардың 80 пайызы бастырылып үлгерген. Биыл астықтың 1 гектарынан 15,8 центнер бидай шығып, осы уақытта елімізде 20,2 миллион тонна бидай жиналды. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 7,1 центнерге көп болып отыр. Ендігі мәселе елімізде орып алынған бидайды төкпей-шашпай сақтау болып отыр. Мақала «Убрать большой хлеб без потерь» деген тақырыппен жарық көрді.