«Астық магнаттарынан элеваторларды мемлекетке қайтарып алу керек» - республикалық басылымдарға шолу
ТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 11 қазан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Сенат төрағасы Қайрат Мәмидің Австрия Республикасына сапары басталды. Бұл жоғарғы палата спикерінің осы лауазымға келгелі шетелге жасап отырған алғашқы сапары. «Вена көпжақты дипломатияның маңызы жөнінен екінші халықаралық орталық болып саналады. Жаһан жанары тігілген бұл шаһарда көп мәселе шешіліп, талай түйін тарқатылып жатады», - деп жазады басылым. Сапар барысында Сенат төрағасы Австрияның Федералды Президенті Хайнц Фишермен және өзге де бірқатар жоғары лауазым иелерімен кездесті. Осы кездесулер барысында көтерілген мәселелер мен екіжақты жасалған келісімдер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Парламентаризм парасаты» атты тақырыппен басылды.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымының докторы, профессор Зұлхарнай Сейітовпен болған сұхбатты жариялапты. Онда ғалым «Қазір ерлер арасында белсіздік көп деп жүр. Оған таза қымыз бен шұбат бірінші кезекте ем болатынына иманым кәміл. Қымыздың құдіреті сол емес пе, бабын келтіріп ішсең әріңді кіргізіп, ажарыңды ашып, көркің жұртты қызықтырады», -деген ойымен бөліседі. Оның айтуынша, қымыздың әлемдегі бірінші №330 патенті қазақта. Ғаламның қазақтың дәстүрлі сусындарының бірі қымыздың қадір қасиеті мен оған қатысты бүгінгі қалыптасқан жағдай жөніндегі ойларымен «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Қымыз патенті кімде» атты тақырыппен жарияланған сұхбаттан кеңірек танысуға болады.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Қазақстанға қосымша астық терминалы қажет» деген мақала жариялады. Мақалаға кеше Парламент Мәжілісінде ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің қатысуымен өткен Үкімет сағатында көтерілген мәселелер арқау болған. Асылжан Мамытбековтың болжамынша, 2011 жылы елімізде таза салмақта 22-23 миллион тонна астық жиналады. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл рекордтық көрсеткіш болып отыр. «Ал соңғы жылдары астық сақтауға қажетті нысандар іске қосылмаған» деген сынның ауылы шындықтан алыс қонған», - дейді министр.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында академик Рақымжан Елешовпен болған сұхбатты жариялады. Ғалымның айтуынша, элеватор мемлекеттің қолында болуы тиіс. «Осы жерде мән беретін басты мәселе - элеваторлардың толып тұрғанына менің күмәнім бар. элеваторлар астық магнаттарының астығын бірінші кезекте алады. Ал ауылдағы қарапайым диқандар ол элеваторға өткізе алмайды. Сөйтіп олардың арасына делдалдар түседі де, екі ортада пайданы көретін солар», - дейді академик. Ғалымның осы мәселеге қатысты ой-пікірлерін «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Астық магнаттарынан элеваторларды мемлекетке қайтарып алу керек» атты сұхбаттан егжей-тегжейлі білуге болады.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, шенеуніктер «Қазақстанда терроризм жоқ!» деп жауырды жаба тоқып жүр. Бұл мәселе кеше елордада өткен «Қазіргі заманғы лаңкестік: ерекшеліктері, тенденциясы және қарсы күресу әдістемелері» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелдекөтерілді.Онда сарапшылар терроризм белгілерін жоққа шығармайтындығын мәлімдеді.Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасова: «Қазақстанда терроризм бар деп айтуға болады. Бұған елімізде болған бірнеше жарылыстар дәлел. Сондықтан да бар нәрсені жоқ деп айта алмаймыз», - деді. Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, терроризмнің пісіп-жетіліп, жарылғанын күтуге болмайды. Оны зерттеп, түп-тамырын анықтау қажет. Терроризмнің алдын алып, қоғам арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгініг санындағы «Терроризм жайлы бәдік айтумен келеміз» атты мақалада.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, сарбаздарымыздың аты олардың әскерде оқу-жаттығу кезіндегі ерекше іс-қимылы немесе Отан қорғау жолындағы қаһармандық әрекетінен (ерлік жасау үшін соғыс болуы міндет емес) гөрі, бір-біріне әлімжеттік жасау арқылы жиі естіліп қалып жатады. Кеңестік әскерден мұраға қалған сарбаздар арасындағы әлімжеттікке тосқауыл қоюға тиісті орындардың шамасы жетпей-ақ келеді. Тіпті күн өткен сайын әскердегі әлімжеттік белең алып бара жатыр десек те болады. Мәселен, соңғы кездері әскери борышын өтеу кезінде қайтыс болған сарбаздардың туған туыстарына ұялы телефонға бірлік лақтыру туралы өтінішінен соң қаза табу фактілері жиілеп кетті.Бұл мәселе «Алаш айнасы» басылымындағы «Том-том мінездеме әлімжеттілікке тосқауыл бола ма?» мақалаға өзек болып отыр.
***
«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Казахстан - Иран: прогноз оптимистичный» атты мақала басты. Мақалаға Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың Иран Ислам Республикасына жасаған сапарында көтерілген мәселелер арқау болған. Сыртқы істер ведомствосының басшысы осы сапар барысында Иран елінің Президентімен және басқа да жоғары лауазым иелерімен кездескен. Осы кездесудің барысында көтерілген және келісілген мәселелерді «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санынан білуге болады.