Астық сақтау мәселелерін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өздері шешулері қажет - А. Мамытбеков
ТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Астық сақтау мәселелерін ең алдымен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өздері шешулері қажет.
Ол үшін барлық жағдайлар жасалған. Бұған арнайы несиелік бағдарламалар ашылып, жеңілдетілген пайыздар да ұсынылып отыр». Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Астық саласы: жағдайы мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді.
Сонымен қатар, сөз арасында министр елдегі астық сақтау қоймаларын дамыту мәселесі де жіті назарда екендігін жеткізді. «2010-2014 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасында сақтау қауаттылығын 16 млн. тоннаға дейін жеткізе отырып, элеваторлар салуды қарастыратын инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді. Сондай-ақ 2010 жылдан бері «ҚазАгро» ұлттық холдингінің қатысуымен жалпы сақтау сыйымдылығы 327 мың тоннаны құрайтын 13 астық қоймасы қолданысқа берілді», - дейді А. Мамытбеков.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы жақын күндері сыйымдылығы 109 мың тоннаны құрайтын 3 астық қоймасын қолданысқа енгізу күтіліп отырғанын мәлім етті.
«Осыны ескерсек, астық сақтауға қатысты проблемалардың жергілікті сипатта екендігін және жекелеген ауыл шаруашылығы тауарларын өндрушілерде туындап отырғанын аңғарамыз. Атап айтқанда проблема негізінен өздерінде сақтау сыйымдылықтары жоқ әрі қашықтау өңірлерде орналасқан қоймаларға астығын жеткізу үшін шығын шығарғысы келмейтін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде ғана туындап отыр. Сондықтан жиналған астықты түгел ысырап қылғанша, көлік шығыны болса да элеваторларға жеткізуді жүктеу керек», - дейді А. Мамытбеков.