Астық сақтаудағы проблемалар жергілікті сипат алған және тек жекелеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде ғана туындап отыр - А. Мамытбеков

ТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биылғы жылғы күтіліп отырған астық өнімінің рекордтық көрсеткішке жетуі - үлкен игілік. Алайда, бұның өзі жекелеген проблемалардың туындап жатқанын айқындайды. Дегенмен еліміздегі астық сақтау проблемалары жаппай сипат алып отырған жоқ.

Астық сақтаудағы проблемалар жергілікті сипат алған және тек жекелеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде ғана туындап отыр - А. Мамытбеков

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Астық саласы: жағдайы мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Қазақстандағы астық сақтаудың сыйымдылығы 22,5 млн. тоннаны құрайды. Бұның ішінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары - 13,6 млн. тонна, ауыл шаруашылығы құрылымдарының астық қоймалары - 8,9 млн. тонна. Бұған қоса ашық алаңқайларда 2,5 млн. тоннаға дейін астық сақтауға болады. «Бидайды полимерлік қаптарда сақтау тәжірибесі де соңғы жылдары кеңінен қолданылуда. Сондай-ақ астықты өз технологиялық сыйымдылықтары бар ұн тартатын кәсіпорындары да қабылдап отыр», - дейді А. Мамытбеков.

Министрдің сөзіне қарағанда, облыс әкімдіктерінің ұсынысы бойынша егін орағы науқаны барысында жиналған құрғақ астықтың басым бөлігі қабылдау кәсіпорындарындағы сыйымдылықтар босағанға дейін 8,9 млн. тонна астықты сақтауға мүмкіндік беретін астық қоймаларында жинақталды. Бұл тәсіл өз кезегінде егін орағы аяқталар тұста шабылған ылғалдылығы жоғары астықты қабылдауға мүмкіндік беріп, қабылдау кәсіпорындарындағы 30-40 пайыз сыйымдылықты бос ұстауға септігін тигізген.

«Соңғы кездері «астық сақтауға қатысты жаңа қуатты нысандар іске қосылмаған» дегенге саятын сындар айтылып жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Мәселен, 1991 жылдан бері қарай сыйымдылығы 2 млн. тоннаны құрайтын 58 астық қабылдау кәсіпорны салынды. Оның ішінде соңғы 5 жылда 672 мың тонналық нысан іске қосылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 651 мың тонналық 42 астық қоймасын өздері салып алды. Ал қазіргі таңда нақтылап айтқанда астық элеваторларының толуы 70 пайызды құрайды», - дейді А. Мамытбеков.