Астық түсімі орташа есеппен гектарына 14,6 центнерден айналуда- министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде астық түсімі орташа есеппен гектарына 14,6 центнерден айналуда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астық түсімі орташа есеппен гектарына 14,6 центнерден айналуда- министр

«Осы жылдың қолайлы жағдайлары егін жинау жұмыстарын уақтылы бастауға мүмкіндік берді және бүгінгі күні республика бойынша барлығы 2,2 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың көрсетілген облыстардағы жалпы алаңының 13,9 пайызы жиналды. Гектарына орта есеппен 14,6 центнер түсімділікпен 3,3 млн тонна астық бастырылды. Жаппай егін жинау республиканың барлық өңірлерінде басталғанын атап өту қажет», - деді министр.

Министрдің дерегінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,4 млн гектарды, оның ішінде дәнді дақылдарды жинау алаңы 16,1 млн гектарды құрайды.

«Егер әлеуметтік маңызы бар дақылдар бөлінісінде қарайтын болсақ, бидай жинау алаңы 12,9 млн гектарды құрайды. Оның 1 054 мың гектары немесе 10 пайызы гектарына 14,4 центнер өнімділікпен жиналды, 1,5 млн тонна бастырылды», - деді Ербол Қарашөкеев.