Астық жетіспеушілігі анықталған кәсіпорындар басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалып жатыр - АШМ
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі астық қабылдау кәсіпорындарындағы астық жетіспеушілігіне байланысты іс материалдарын Қаржы полициясына жолдады. Соған орай, «Предгорненский элеватор» ЖШС мен «Бел-ағаш МКК» ЖШС басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалуда. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмабек Марс мәлім етті.
Комитет төрағасының айтуынша, тексерулер барысында анықталған тағы бірқатар астық қабылдау кәсіпорындарының басшыларына айыппұл салынған. Мәселен, өткен аптада Батыс Қазақстан облысындағы «Переметненский элеваторы» ЖШС 993 тонна бидай жетіспеушілігі анықталған. Бұның барлығы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ға тиесілі мемелкеттік астық болып отыр. Ал келген шығын 39,7 млн. теңгені құрайды. Осыған орай, аталмыш астық қабылдау кәсіпорны басшылығына арнайы нұсқама-хаттамалар толтырылып, айыппұл салынған.
«Биылғы жылы тексерістердің арқасында астық жетіспеушілігі кеңінен анықталып жатыр. Негізі нарықта астық қымбаттаған шақта астық қабылдау кәсіпорындары дәл осындай жолмен құқық бұзушылыққа барады. Яғни, кәсіпорын қожайындары мемлекет ұсынған астықты арзан пайданың көзіне айналдырып отыр. Олар дәл қазіргі нарықта астық қымбаттаған уақытта қоймадағы бидайды сатып, оның орнын науқан кезіндегі арзан бағадағы астықпен толтырып отыруға тырысады», - дейді А. Марс.