Астық жинау науқанын уақытылы аяқтау қажет - Бақытжан Сағынтаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев астық жинау науқанын дер уақытында аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз көріп отырғандай жауын-шашын кедергі болып, егін жинау уақыты кешеуілеуде. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіштеріміз 20-25 пайызға төмен. Дегенмен, қазіргі күнгі ауа райының қолайлылығын пайдалана отырып, астық жинау науқанын уақытында бітіруді қолға алуды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр әкімдердің дизель отынын қосымша бөлу жөніндегі ұсыныстарын Энергетика министрлігі қарап, ұсыныс беруі тиістігін баса айтты.

«Асқар Ұзақбайұлы (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Асқар Мамин), өңірлермен тағы да бір қарап өтіңіз және Ақмола облысының өкілі айтқандай қазаннан қыркүйекке ауыстыру (қазанда жеткізілуі тиіс дизель отынының көлемін) мүмкіндігі болса, Энергетика министрлігімен шешім шығаруды тапсырамын. Өмірзақ Естайұлы (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев) күнсайынғы мониторинг және жұмысты үйлестіру Сіздің бақылауыңызда», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, отырыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев егін жинау науқанын қазан айының бірінші онкүндігінде аяқтауға мүмкіндік бар екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар