Астықтың әлемдік өнімі былтырғы рекордтан төмен болады - ФАО
НЬЮ-ЙОРК. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - 2009 жылы астықтың әлемдік өнімі 2 208 миллион тоннаны шамалайды, бұл өткен жылғы рекордтық көрсеткіштен 3,4 пайызға төмен. Бидайдың шығымы да 4 пайызға төмендеп, 665 миллион тоннаны шамалайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы егістік алқаптарының кеңейтілуіне және жаз мезгіліндегі жайлы ауа райына байланысты Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде астықтың шығымы мол болатынын айтып отыр.
Ұйымның жаңа баяндамасында, Қазақстанда бидай алқабының ауданы өткен жылғы 12,9 миллион гектардан 13,8 миллион гектарға жеткізілгені айтылады. Сарапшылар астық шығымы 14 миллион тоннаға жетеді, ал бұл жайт 2009-2010 жылдары астық экспортының көлемін анағұрлым арттыруға мүмкіндік береді деп күтуде. Әзірбайжанда астықтың шығымы орташа статистикалық деңгейден 2-2,5 миллион тоннаға асады. Тәжікстанда нөсер жауын көктемде мақта мен жемдік бидай алқаптарына зардап келтірген болатын, дегенмен, күздік бидай өткен жылғы тапшылықты жартылай болса да жабатын болады.
Достастықтың еуропалық елдерінде астық шығымы соңғы бес жылдағы орташа деңгейден 10 пайызға асады. Ресейде былтырғы көрсеткішпен шамалас - 106,2 миллион тонна - рекордтық астық күтілуде. Ауа райы жайлы болып қала берсе, 59 миллион тонна бидай жиналады, бұл 2008 жылғы көрсеткіштен - 63,8 миллион тонна - сәл төмендеу. 2009-2010 жылдары астық экспорты былтырғы жылмен салыстырғанда, 3-5 миллион тоннаға төмендейді деп болжануда.