Астықтың ішкі нарыққа қажет көлемі бар - министрлік
«Биыл негізгі бидай өндірушілер болып саналатын Ресей мен Украинадағы геосаяси жағдайға байланысты әлемдік нарықта бидайға сұраныс артты. Бұл фактор бидай бағасына да әсер етеді. Осы орайда 1 наурыздан бастап ішкі нарықтағы бидай бағасы тоннасына 116 мың теңгеден 163 мың теңгеге дейін өсті. Сарыағаш станциясында экспорттық баға тоннасына 270 АҚШ долларынан 410 АҚШ долларына дейін көтерілді. Бұл ретте, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ резервтерінде қажет болған жағдайда ішкі нарықты тұрақтандыру үшін жіберілуі тиіс астықтың жеткілікті көлемі бар», - деп аталып өткен аталған ведомствоның ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.
Қазіргі уақытта «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ ұн тарту кәсіпорындарына 275 мың тонна көлемінде бидай жөнелту жұмыстарын жүзеге асырып жатыр.
«Мемлекет тарапынан субсидиялау есебінен бидай 90 мың теңге сомасындағы бағамен сатылады, ал нарықта орташа баға 160 мың теңгені құрайды. Бұл тұрғыда өңірлер «әлеуметтік» нанды қазіргі бағада қамтамасыз ете алады», - делінген министрлік мәліметінде.
Сонымен қатар, құс шаруашылықтарын жеммен қамтамасыз ету мақсатында министрлік «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-мен, «Қазақстанның құс өсірушілер одағы» ЗТБ және «Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығы» ЗТБ-мен бірлесе отырып тиісті жұмыстарды атқарды. Осы орайда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ ресурстарынан құс шаруашылықтарына бір тоннасына 117 мың теңге бағамен жыл соңына дейін 150 000 тонна көлемінде астық жеткізу мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан астық экспорты бойынша Еуропа Одағы елдерінің жаңа нарықтарына шығу жолдарын пысықтап жатыр.
Айта кетейік, Қазақстаннан бидай мен бидай ұнын сыртқа әкетуге шектеулер енгізілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл астық шығымы былтырғыдан 15 пайыз жоғары болуы мүмкін.
Маусым айында министрлік Қазақстандағы бидай қоры жаңа егінге дейін жеткілікті екенін жариялады.