Асу Алмабаев Ыстанбұлдағы турнирде чемпиондық титулды жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен бразилиялық джиу-джитсу және грэпплингтен ACBJJ 22 турнирінде чемпиондық титулды жеңіп алды, деп хабарлайды Sports.kz.

Асу Алмабаев
Фото: Instagram Асу Алмабаева

Қазақстандық спортшы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Тәжікстан өкілі Халим Назрулоевпен кездесті.

All-Stars Title Match мәртебесіндегі титулдық белдесу No-Gi ережесі бойынша, яғни кимономен емес, арнайы спорттық киіммен күресу форматында өтті.

– Тартысты белдесу толық уақытқа созылып, оның қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан Асу Алмабаевты жеңімпаз деп таныды. Осылайша қазақстандық спортшы ACBJJ 22 турнирінің чемпиондық титулын иеленді, – деп жазады басылым.

Айта кетсек, Алмабаев өткен аптада RAF 12 еркін күрес турниріне де қатысқан. Ол америкалық Джонни ДиДжулиуспен кездесіп, бір жарым минутқа созылған белдесуде жеңіліп қалды.

Ал қазақстандық спортшының ММА-дағы соңғы ресми жекпе-жегі маусым айында өткен. Ол америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта сабмишн әдісімен жеңген.