Асу Алмабаев UFC тарихындағы үздік алты спортшының қатарына енді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев UFC ұйымының аса жеңіл салмақ дәрежесінде қарсыласын партерге сәтті түсіру көрсеткіші бойынша алтыншы орынға көтерілді, деп хабарлайды Sports.kz.

В UFC назвали бой Асу Алмабаева и Кедзи Хоригути претендентским
Фото: Instagram/asu_zulfikar57

Қатар астанасы Дохада өткен турнирде Алмабаев жапониялық Кёдзи Хоригутиге қарсы жекпе-жекте тоғыз рет тейкдаун жасауға әрекеттеніп, оның жетеуін сәтті орындады.

Осы кездесуге дейін қазақстандық спортшы UFC-дің бұрынғы чемпионы Брэндон Мореномен жетінші орынды бөлісіп тұрған еді. Екеуінің де еншісінде 33 сәтті тейкдаун болған.

Дохадағы жекпе-жектен кейін Алмабаевтың көрсеткіші 40-қа жетті. Осылайша, ол Брэндон Моренодан бөлек, 35 тейкдауны бар америкалық Дастин Ортисті де басып озды.

– Алмабаев бұл көрсеткішке UFC-дегі тоғыз жекпе-жекте қол жеткізді. Қазақстандық спортшыны бесінші орыннан небәрі бір тейкдаун бөліп тұр. Бұл сатыда 41 сәтті тейкдауны бар америкалық Коди Дерден орналасқан, – деп жазды Sports.kz.

Аса жеңіл салмақ дәрежесінде UFC тарихындағы ең жоғары көрсеткіш Тим Эллиоттқа тиесілі. Ол 63 сәтті тейкдаун жасаған. Екінші орында Деметриус Джонсон (58), үшінші сатыда Алешандре Пантожа (45) тұр.

Айта кетейік, бұған дейін Асу Алмабаев 2026 жылғы маусымда Әзербайжанда өткен UFC Baku турнирінде америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта ауырту әдісімен жеңген еді.