«Асу» гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері М.Жолдасбековпен кездеседі
АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Ертең, 26 мамырында М.Жолдасбековтың жеке кітапханасында Күлтегін күніне орай, «Мәңгілік мұраның рухани жанашыры» тақырыбында «Асу» гуманитарлық-техникалық колледж студенттерінің
ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры М.Жолдасбековпен кездесуі ұйымдастырылып отыр, деп хабарлады ҚР Президенттік мәдениет орталығының баспасөз қызметі.
Кездесудің мақсаты - көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы, Төтенше және Өкілетті елші, халқымыздың біртуар тұлғасы, ел ағасы Мырзатай Жолдасбековтың өмірі мен шығармашылығын бүгінгі ұрпаққа таныстыру.
Тәуелсіздіктің нұрлы жолымен бейбітшіліктің туын аспандатып, тарих төрінен орын тепкен «Күлтегін» ескерткішін өз атамекеніне әкелген, сондай-ақ, өзі басшылық еткен ҚР Президенттік мәдениет орталығын киелі қазақтың мұрасы - Абылай ханның, Қазыбек бидің шапандарымен, Шіліктіден, Берелден табылған ежелгі сақ тайпасының мұраларымен толықтырған Мырзатай аға - еркін даланың ерке қыраны.
Бүгінде ол жеткіншек жастар үшін кітапхана мен мұражайдың алтын есіктерін айқара ашып, баға жеткісіз қазынаға қанық етті. Ұлттық дәстүрлер театры құрылып, «Алпамыс», «Ұлбике», «Бәйтерек» қойылымдары көрермен назарына ұсынылған.
Ол өзінің елеулі еңбегі үшін ел құрметіне бөленіп, «Халықтар достығы» (1986), «Құрмет» (1996), «Парасат» (2005) ордендерімен, бірнеше медалдармен, түркітану саласындағы ерекше табыстары үшін «Күлтегін» атындағы сыйлықпен (2004) марапатталған.
Аталған іс-шара барысында жиналған қауым «Мәңгілік мұраның рухани жанашыры» тақырыбындағы кітап көрмесін, ағаның шыр етіп дүние есігін ашқан сәтінен бергі өмір белестерінен сыр шертетін слайд, фильмді, сонымен қатар студенттер мен орталықтың белді әртістерінің орындауында ардақты ағаның қаламынан туған жыр шумақтары мен әндерін тамашалай алады.