10:42, 23 Желтоқсан 2017 | GMT +5
АСВ 77 турнирі: Бүгін Оспановпен бірге тағы бір отандасымыз шаршы алаңға шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Арман Оспанов пен бірге тағы бір отандасымыз Асылжан Бақытжанұлы (6-0) шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеше, 22 желтоқсанда ресейлік промоушен Absolute Championship Berkut 77 турнирінің алдындағы салмақ өлшеу және көз арбасу рәсімін өткізді. Алайда, бұл рәсімге Арман Оспанов белгісіз себептерге байланысты келмей қалған. Бірақ, ринг-анонсер оның көрсеткішін 66,6 келі деп хабарлады. Ал ресейлік қарсыласы Алексей Полпудниковтың (24-4-1) салмағы 66,2 келі болды.
Сонымен қатар осы турнирде бақ сынайтын екінші отандасымыз Асылжан Бақытжанұлының салмағы 91,1 келі болды. Оның қарсыласы ресейлік Муслим Махмудов (9-4) - 93,3 келі тартты.
Оспанов - Полпудников жекпе-жегі алдын ала болжам бойынша Мәскеуде, Астана уақытымен сағат 01.00-де басталады.