Асық ату турнирі барлық ұлттық ойын әуесқойлары үшін мерекеге айналмақ

«Астананың туған күні жыл сайын ән айтылып, би биленіп, түрлі ойындармен атап өтіледі. Қаланың әрбір тұрғыны өзіне қызықты іс-шараны таңдайды. Алайда, асық атудан «Алтын сақа» турнирі барлық астаналықтардың қызығушылығын туғызуы қажет. Ол үлкенді де, кішіні де бірдей баурайтын керемет ойын», - деп санайды турнир ұйымдастырушылары.
Қазақстанда кейінгі жылдары ұлттық ойындарға деген қызығушылық, оның ішінде «асық ату» ойнына деген құмарлық арта түсуде.
Асық ату - бұл тек ойын ғана емес, көшбасшылыққа, ептілік пен батылдыққа тәрбиелейтін спорттың түрі болып табылады. Ол қисынды ойлау мен шеберлікке баулиды.
«Биылғы жылы спорттың ұлттық түрін насихаттау мақсатында елордада асық атудан «Алтын сақа» жарысы өткізіледі. Ғалым-этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған турнир бесінші рет ұйымдастырылуда», - делінеді хабарламада.
Ұлттық ойынымыз асық ату сайысын өткізудегі негізгі мақсат - ұлттық спорт түрін қайта жаңғырту және дамыту, сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарының, әсіресе, балалардың аталған спорт түріне деген қызығушылығын арттыру.
Турнир 7 шілдеде «Дәулет» спорткомбинатында өтеді деп жоспарланған. Ұлттық спорт түрін жетік меңгерген қауым осы жерде бас қосады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етіледі.
Ұлттық ойынмен жіті таныстыру мақсатында Астананың тұрғындары мен қонақтарына асық ату ойыны туралы әдістемелік құралдар үлестірілетін болады.