Асық атудан ұлттық мектеп лигасында қарағандылық оқушы жеңімпаз атанды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының сегізінші сынып оқушысы асық атудан ұлттық мектеп лигасында жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асық атудан ұлттық мектеп лигасында қарағандылық оқушы жеңімпаз атанды

17-21 мамыр аралығында Көкшетауда асық атудан Ұлттық мектеп лигасы өтті. Оған 7—8 сыныптардың 50 оқушысы, оның ішінде Қарағанды облысынан 6 адам қатысты.

Абай ауданының сегізінші сынып оқушысы Нұрдәулет Есімов «Алтын сақа» сыйлығының иегері атанды. Бұл жүлде ең жақсы ойыншыға беріледі.

Жарыс жеңімпазын Асық ату республикалық федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржанов марапаттады.

Нұрдәулет 14 жаста. Ол Абай ауданы Құлайғыр ауылының «Топар» жалпы білім беретін мектебінде оқиды. Үздік оқушылар қатарында.

Асық ойнаумен 8 жасынан бастап айналысады. Оны дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлан Рахметов жаттықтырады.

Нұрдәулет – асық атудан аудандық және облыстық жарыстардың жеңімпазы.