Асық ойнайтын орыс қызы: Көздің өткірлігін дамытады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бес асық. Қазақтың ұлттық ойыны. Салмақ өлшемейтін, бойға қарамайтын спорт түрі. Баланың жүйке жүйесін шыңдап, ойда сақтау қабілетін жетілдіреді. Нағыз мергендікке баулыйды. Басты салмақ сақаға түседі. Топпен де жекелей де сынға түсуге болады. Барлығы 15 кезеңнен өтуі керек

Асық ойнайтын орыс қызы: Көздің өткірлігін дамытады

Виктория Естремская ұлттық ойынды 12 жасынан бастап жанына серік еткен. Қазақтың төл ойынын төрге шығарып жүрген оқушы. Әшекей бұйымдардан көрі, бабында піскен жіліктегі асықты алуға асығады екен. Оны бояп баптайтынын да жасырмайды.

«Басқа қыздар ойнап жатқанда қызығатынмын. Мен де солай ойнасам ғой деп армандайтынмын. Бастапқыда қиын болды. Саусақтарымызға қатты тисе, ауыратын. Қазір бірақ үйреніп кеттім. Ойын барысында сабырлық пайда болады. Көздің өткірлігін дамытады», - дейді қыз бала.

Бес асық ойнының талабы оңай емес дейді Виктория. Асықтың салмағы баланың жасына қарай 8-ден 13 граммға дейін болуы тиіс. Әр кезеңде ережені де ескеру маңызды.

«Бірінші кезеңі бірлік деп аталады. Мұнда сақаны лақтырып басқа асықтарды жинаймыз. Асықтар бір біріне тимеуі керек. Ең соңында сақаны ортаға қоямыз», - дейді Виктория Естремская.

Қарағанды облысында қазақтың ұлттық ойынын – бес асықты қайта жаңғыртқан осы Изенді ауылы. Орта мектепте қосымша үйірме 2014 жылы ашылған. Қазір әр жас аралығындағы оқушылардан құрылған лига да бар. Мұрат Ақзамов ұлттық ойынды талапкерлер санасына салмақтап жүрген жаттықтырушы. Бүгінде шәкірттерінің жетістігі мол.

«Бес асықты бастаған себебіміз – осы асық ойындағы спорттық ойындар бағдарламасына кіреді деп хабарланды. Сондықтан осы ойын түрін жан- жақты зерттеп, балаларға үйретуді шештік», - дейді жаттықтырушы Мұрат Ақзамов.

Бес асық ойыны алдағы уақытта Азия ойындарының бағдарламасына енеді екен. Сондықтан бапкер балалардың қарым қабілетін одан әрі шыңдай береміз дейді. Себебі қазақ баласының есепке жүйріктігі осындай ойындарды ойнаудан қалыптасқан.

Тәуелсіздік алғалы ұлттық ойындар қайта жаңғырып, ұлт мұрасы толыға түсті. Соның ішінде әсіресе асық ойыны қарқын алып жаңаша түрленді. Оған себеп – жастар арасындағы қызығушылықтың арта түсуі.