Асықтан Ақмола облысының чемпионаты өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Асық атудан Ақмола облысының чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметі бойынша, Көкшетау қаласында ұйымдастырылған жарысқа Шортанды, Есіл, Целиноград, Қорғалжын аудандары және Көкшетау, Степногор қалаларынан келген мектеп оқушылары қатысты. Жарыс жеңімпаздары Шымкент қаласында өтетін республикалық чемпионатта Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.
Жарыстың бас төрешісі Самат Әукеновтің айтуынша, соңғы кездері асық ату ойынына өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытып отырған жайы бар.
«Асық ойыны - қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Бұл балаларды мергендікке, ептілікке баулиды. Денсаулық үшін тиімді. Көп қаражатты қажет етпейді. Ең бастысы қызығушылық пен ынта болуы қажет. Сонымен қатар, ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан бұл ойын жастарды патриотизмге тәрбиелейді», - дейді Самат Әукенов.
Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.